Елордада «Биле, Астана» байқауының ақтық сайысы өтті

Календарь 16 February 2018

Астана қаласы ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, сондай-ақ, Еуразия гуманитарлық институты бірлесіп ұйымдастырған шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, Қазақстанда хореография мен заманауи билерді дамытуды дәріптеуге бағытталған.

«Бұл шараны біз 2020 жылға дейінгі Астана қаласын дамыту бағдарламасының аясында ұйымдастырдық. Би байқауы арқылы өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын жүргізу керектігін көрсеткіміз келеді. Оларды осылайша психикалық белсенді заттарды пайдаланбауға, спортпен, бимен айналысуға шақырамыз. Дәлірек айтқанда, біз жастарға бос уақытты көңілді өткізудің баламасын көрсетіп отырмыз. Жастарға үлгі болсын деген ниетпен шарамызға би жұлдыздары да қонақ болды. Мәселен, бүгін қазылардың арасында сальса биі бойынша халықаралық сайыстардың жеңімпазы Нұрсұлтан Жолдыбаев бар», - деді Астана қаласы ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының жедел уәкілі Әлия Нұрғазина.

«Биле, Астана» байқауында Еуразия гуманитарлық институтының мұғалімдері мен студенттері «Заманауи би» және «Мұғаліммен би» сияқты екі кезеңде бақ таластырған болатын. Қазылар алқасы жеңімпаздарды «Үздік заманауи би», «Оқытушымен үздік би», «Би алаңының патшасы», «Таң қалдырар шоу» және «Жыл үздігі» аталымдары бойынша, сондай-ақ, ІІІ, ІІ, І орындарының және бас жүлденің иегерлерін анықтады. Үздіктер дипломдармен, «Жоба жеңімпазы» кубогімен марапатталды.

http://astana.gov.kz/kk/modules/material/16113



Закрыть
Message sent
The message has been sent.