Астанада «Адалдық күні» акциясы өтті

Календарь 24 February 2018

Ерекше акцияға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Оның аясында жалпыға ортақ құндылықтарды насихаттауға бағытталған бірқатар шара ұйымдастырылды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының 200-ге тарта еріктісі көмекке мұқтаж жандардың үйіне  барып, оларға қажетті азық-түлігі бар себеттерді табыстап, олардың үйлерінің аулаларын қардан тазартты.

Мұнымен қоса, еріктілер қарттар үйіне барып, осындағы  ата-әжелермен бильярд, шахмат, тоғыз құмалақ ойнады. Осылайша олар шағын шығармашылық үйірме құрып, жасөспірімдерге өздерінің бос уақытын пайдамен өткізудің тиімді үлгісін көрсетсе керек. 

«Мұндай іс-шараларды жастар ресурстық орталығының еріктілері әр сенбі сайын өткізеді. Алайда бұл жөнінде екінің бірі білмейді. «Адалдық күні» акциясының мақсаты көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету, өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу, азаматтарды игі істер жасауға шақыру болғандықтан бұл шараларды да оған қосып отырмыз. Біз осылайша жастарды қарияларға құрмет көрсету сияқты игі бастамаларға шақырғымыз келеді», - дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жазира Жылқышиева. 

Ал, балалар үйінің 40-қа жуық тәрбиеленушісі үшін «Адалдық күні» акциясының шеңберінде Street Workout Bar Bars» спорт клубының жетекшілігі ашық жаттығу алаңын құрып, клуб залында спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін абонементтерді сыйлады. 

«Адалдық күні» акциясын «Хан шатыр» сауда үйінде Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен қайырымдылық концерті тәмамдады. 

«Астана – адалдық алаңы» жобасын ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп іске асыруда. Оның басты мақсаты – азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәнерін қалыптастыру, адамгершілік қасиеттерді насихаттау арқылы парақорлыққа жол бермеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. 

Айта кетейік, «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елордада алдағы уақытта басқа да шаралар ұйымдастырылатын болады.

http://astana.gov.kz/kk/modules/material/16178



Закрыть
Message sent
The message has been sent.