Ұлттық музейде ағайынды Гриммдердің көрмесі өтуде

Календарь 22 January 2018

 

Аталмыш көрме Қазақстан мен Германия елінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған іс-шаралардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылған.

Көрмеге тек неміс қана емес еуропа мәдениетіне де үлкен әсерін  тигізген ағайынды Гриммдердің өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпараттар, олардың ұстаған, оқыған кітаптары, қолжазбаларының түпнұсқалары және әлемге танылған суреттері ұсынылды. Көрмедегі ең көне және ең құнды заттардың бірі 1500 жылдық тарихы бар кітап.

«Көрме ашылғалы 5 мыңнан астам көрермен келді, оның 700-ден астамы оқушылар. Көрмені аралап болған соң танымал «Күлше қыз», «Қызыл телпек», «Ұйқыдағы ару» сынды ертегілердің иллюстрациялық суреттері қойылған. Арнайы шақыртумен келген оқушыларға осы ертегілердің желісімен түсірілген көркем фильмдер көрсетіледі. Біздің қолымызда 10 көркем фильм бар», - деді Ұлттық музейдің қызметкері Жазира Әмірбекова.

Ағайынды Гримм ертегілерінің алғашқы басылымы ешқандай иллюстрациясыз шығарылған. Ал олар жинақтаған ертегілердің алғашқы суретшісі өздерінің інісі Людвиг Эмиль Гримм болған. Ол екінші басылым үшін  (1819) «Аға және қарындас» атты ертегінің иллюстрациясын және ертекші Доротея Фиманның портретін жасаған. Тек алғашқы толықтай иллюстрацияланған голландиялық және ағылшын тіліндегі басылымдардан бастап, көптеген өнер салалары мен атақты суретшілер қазіргі уақытқа дейін ертегілердің көркем интерпретациясын жасауда. Қазіргі уақытта көптеген ертегілер театр, опера және балет, радио, кино, теледидар үшін, сондай-ақ заманауи электронды құралдар үшінде бейімделген.

Ағайынды Гриммдер Германиядағы ұлттық бірегейліктің қалыптасуына және тілдің дамуына зор үлес қосқан тұлғалар. Олар «халықтық поэзия» мен «халықтық тілдің» маңыздылығына баса назар аудара отырып, көптеген халықтардың ұлттық рухының жандануына ықпал еткен.

Көрме 25 ақпанға дейін жалғасады. Тағы бір айта кететін жайт, оқушылар үшін каникул кезінде Ұлттық музейге кіру тегін. Музей сенбі, жексенбіні қоса алғанда аптасына алты күн жұмыс істейді, тек дүйсенбі күні ғана жұмыс істемейді.

http://astana.gov.kz/kk/modules/material/15855



Закрыть
Message sent
The message has been sent.