Дж. Вердидің «Травиатасы» бүгін «Астана опера» залының сахнасында қойылады

Календарь 27 December 2017

Бүгін «Астана операның» үлкен залында әлемдік опера әдебиетіндегі лирика-психологиялық «Травиата» операсы қойылады. Бұл Александр Дюманың «Камелия гүлін ұстаған бикеш» атты романының желісінен алынған. Верди аталмыш туындыны заманауи сюжетпен әрлеп, адами ар-ұятымызды оятатын шынайылығымен тамсандыра білді. 

Операның басты қаһарманы – қоғам аластап тастаған әйел. Кемеңгер композитор Виолеттаның айналасындағы төмен ойлайтындарға оның жан сұлулығы мен бекзаттығын көрсете білген. «Астана опера» баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін оның бейнесін халықаралық конкурстың жүлдегері Айзада Капонова сомдайды. Ал Альфредтің партиясын Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Жан Тапин орындайды. Ол бұл сахнада алғаш рет орындап тұр. Либретто авторы – Франческо Мария Пиаве. Қоюшы режиссері – Хеннинг Брокгауз (Италия), дирижері – Қазақстан еңбегі сіңген қайраткері Абзал Мұхитдинов, режиссері – Наталья Кагадий. 

Қатал әке Жорж Жермонды Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Талғат Мұсабаев, Гастонды – Бейімбет Таңарықов, Флора Бервуаны – Гүлжанат Сапақова, Аннина – Елена Ганжа, Маркиз д’Обиньиді – Болат Есімханов, Барон Дюфольді – Евгений Чайников, Доктор Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Комиссионер – Нұрлыбек Қоспармақов, Джузеппені – Рамзат Балакишиев ойнайды. 

Операның түпнұсқа партитурасы итальян тілінде орындалады, 2 сағат 50 минутқа созылады, екі антрактіден тұрады. Арияның қазақ және орыс тіліндегі синхронды аудармасы қатар жүргізіледі. 

Алғаш рет Джузеппе Вердидің «Травиатасы» 1853 жылы Венецияда Ла Фениче опера театрында қойылып, сәтсіздікке ұшыраған. Алайда қайтадан өңделіп, көп ұзамай танымал операға айналды. Европада қойылым Дюманың «Камелия гүлін ұстаған бикешпен» бірге қатар шықты.

http://astana.gov.kz/kk/modules/material/15685



Закрыть
Message sent
The message has been sent.